Кепілдік берілген өтем мөлшерін есептеу тәртібі бойынша сұрақтар мен жауаптар


№ 1 сұрақ: Депозиттердің қандай түрлері бойынша кепілдік ұлғайтылды?

 

Жауабы: Жаңа өзгерістер теңгедегі жинақ салымдарына ғана әсер етті. Бұл 2018 жылдың қазан айынан бастап халыққа қолжетімді бола бастаған ерекше, жаңа депозит түрі. Жинақ салымдары белгілі бір мерзімге ашылады және олардың ерекше шарттары бар: салымды мерзімінен бұрын қайтарып алған жағдайда салымшы банкке өзінің ниеті туралы 30 күнтізбелік күн бұрын хабарлауға міндетті, бұл ретте сыйақы талап етілгенге дейінгі салым бойынша белгіленген мөлшерде төленеді (0,1%-дан артық емес). Жинақ салымы депозиттердің басқа түрлерінің ішінде ең тиімдісі болып табылатынын атап өткізім келеді. Оның максималды табыстылығы жылына 14,9%-ға жетуі мүмкін.

 

Қазір нарықта мерзімі 3, 6, 12 және 12 айдан астам жинақ салымдары бар. Салымшы шарттың кез келген қолайлы мерзімін таңдауға құқылы.

 

№ 2 сұрақ: Жаңа кепілдік 2022 жылдың 11 қаңтарынан кейін (заңның қолданысқа енгізілген күні) кейін ашылған теңгедегі жинақ салымдарына ғана қолданыла ма?

 

Жауабы: ҚДКҚ 20 миллион теңге сомасындағы кепілдігі депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктерде 2022 жылдың 11 қаңтарына дейін және одан кейін ашылған қолданыстағы теңгедегі барлық жинақ салымдарына қолданылады.

 

№ 3 сұрақ: Басқа депозиттер түрлері бойынша кепілдік өтемінің максималды мөлшері өзгерді ме?

 

Жауабы: Кепілдіктің максималды мөлшері депозиттің түрі мен валютасына байланысты болады. Басқа депозиттер түрлері бойынша кепілдік өтемінің максималды мөлшері өзгеріссіз қалды:

•      10 миллион теңге – жинақ депозиттерін қоспағанда, ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша, соның ішінде карталық және ағымдағы шоттар бойынша;

•      5 миллион теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша.

 

№ 4 сұрақ: Жаңа өзгерістерге сәйкес, кепілдік өтемінің жиынтық сомасының максималды мөлшері де 20 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Салымшы 20 миллион теңгені қандай жағдайда ала алады?

Жауабы: Кепілдік өтемінің жиынтық сомасы салымшының бір банкте ашылған депозиттерінің бірнеше түрі бойынша төленіп, депозиттің әрбір түрі бойынша жеке белгіленген кепілдік өтемінің максималды мөлшерінің шегін ескере отырып есептеледі.

 

1-мысал: Салымшының банкте жалпы сомасы 22 млн теңге құрайтын теңгедегі екі жинақ салымы болса.

Жауабы: Бұл ретте кепілдік өтемінің жиынтық сомасы 20 млн теңгені құрайды.

 

2-мысал: Салымшының банкте үш түрлі депозит түрі болса: 5 миллион теңге сомасындағы теңгедегі жинақ салымы, 10 миллион теңге сомасындағы теңгедегі мерзімсіз салымы және 5 млн теңгеге балама сомададағы шетел валютасындағы депозит.

 

Жауабы: Бұл ретте кепілдік өтемінің жиынтық сомасы 20 млн теңгені құрайды.

 

3-мысал: Егер салымшының теңгедегі кәдімгі (жинақ емес) салымы бойынша 15 миллион болса және ол сол банкте теңгедегі минималды сомаға – мысалы, 1000 теңгеге жинақ депозитін ашса – онда кепілдіктің жиынтық сомасы 20 миллион теңгеге дейін ұлғая ма?

Жауабы: Жоқ, қарастырылатын жағдайда алынатын сома 10 001 000 теңгені құрайды. Кәдімгі салым бойынша 5 миллион теңгеге кепілдік берілмейді, өйткені бұл жинақ депозиттерін қоспағанда, ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша заңмен белгіленген 10 миллион лимитінен асып кетеді.

 

4-мысал: Салымшының бір банкте үш депозиті бар: біреуі әмбебап (теңгедегі мерзімсіз), ол жиі толықтырылып, депозиттегі сомасы қажеттілігіне қарай алынады. Бұл шотта орта есеппен 500 мың теңге бар. Екіншісі – 14 млн теңге құрайтын және шетел валютасындағы 13 мың долларды құрайтын жинақ салымы. Сақтандыру жағдайы орын алғанда, кепілдік өтемінің жиынтық сомасы қалай есептеледі?

 

Жауабы: Кепілдік өтемінің жиынтық сомасы депозиттің әрбір түрі бойынша жеке белгіленген кепілдік өтемінің максималды мөлшерінің шегін ескере отырып есептеледі.

•      20 миллион теңге – ұлттық валютадағы жинақ салымдары (депозиттері) бойынша;

•      10 миллион теңге – жинақ депозиттерін қоспағанда, ұлттық валютадағы басқа депозиттер бойынша;

•      5 млн теңге – шетел валютасындағы депозиттер бойынша.

 

Кепілдік берілген депозиттер бойынша кепілдік өтемі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында төленеді. Шетел валютасындағы депозиттер бойынша кепілдік өтемді есептеу үшін қатысушы банктің барлық банктік операцияларды жүргізуге беретін лицензиясынан айыру күніне айқындалатын валюта айырбастаудың нарықтық бағамы пайдаланылады.

 

Осы жағдайға байланысты салымшы 19 500 000 теңге сомасында кепілдік өтемінің жиынтық сомасын алады: 14 миллион теңге – теңгедегі жинақ салымы бойынша, 500 мың теңге – теңгедегі мерзімсіз депозит бойынша, сондай-ақ шетел валютасындағы шот бойынша – 5 миллион теңге (айырбастау бағамы бойынша 13 мың АҚШ доллары 5 млн теңгеден көбірек болғандықтан).

 

5-мысал: Салымшының банкте екі түрлі жинақ емес депозиті болса: 16 млн теңге сомасындағы теңгедегі мерзімсіз салым және 6 млн теңгеге баламалы сомадағы шетел валютасындағы депозит.

 

Жауабы: Бұл ретте кепілдік өтемінің жиынтық сомасы 15 миллион теңгені құрайды: теңгедегі мерзімсіз салым бойынша – 10 миллион теңге және шетел валютасындағы депозит бойынша – 5 миллион теңге. Себебі кепілдік өтемінің жиынтық сомасы депозиттің әрбір түрі бойынша жеке белгіленген кепілдік өтемінің максималды мөлшерінің шегін ескере отырып есептеледі.

 

№ 5 сұрақ: Салымшының 20 миллион теңге сомасындағы теңгедегі жинақ депозиті болған. Банкті лицензиясынан айыру күніне пайыздары жиналған. Салымшы 20 миллион теңге ғана ала ма, әлде пайыздарды да ала ма?

Жауабы: 2020 жылдың 01 қаңтарынан бастап банкті лицензиясынан айыру күніне есептелген депозит бойынша сыйақыға ҚДКҚ кепілдігі қолданылады. Дәл 20 миллион теңгеге жинақ депозитін ашуға кеңес берілмейді, өйткені ол ашылған кезеңге сыйақы есептеліп, сақтандыру жағдайы орын алғанда, есептелген сыйақыны ескере отырып, салым сомасы 20 млн теңгеден асып кетеді.

 

№ 6 сұрақ: Төлемді алған тұлғалардың кепілдік өтемінің сомасы қайта қарала ма? Мысалы: салымшының бір банктегі салымдарының жалпы сомасы 20 млн теңгені құрады. Бұған дейін салымшы 15 млн теңге мөлшерінде жиынтық өтем сомасын алған. Кепілдіктің ұлғаюына байланысты салымшының алған өтемін қайта есептеуге құқығы бар ма?

 

Жауабы: Жинақ салымдары бойынша кепілдіктің жаңа мөлшері, сондай-ақ кепілдік өтемінің жиынтық мөлшері жаңа сақтандыру жағдайларына, яғни, банк лицензиясы 2022 жылдың 11 қаңтарынан кейін (заңның қолданысқа енгізілген күні) айырылған жағдайда қолданылады.

№ 7 сұрақ: Кепілдік өтемді төлеу бойынша қазіргі жағдай қандай?

 

Жауабы: Бүгінгі таңда ҚДКҚ барлық банктік операцияларды жүргізуге беретін лицензиясынан айырылған және мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған 9 банктің салымшыларына төлем жасауды жалғастыруда. Бұл: «Валют-Транзит Банк» АҚ, «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Qazaq Banki» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ, «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ. Барлық банктерде салымшылар өздеріне тиесілі кепілдік өтемі сомасының негізгі бөлігін алып қойған. Мысалы, өткен жылдың 26 маусымында лицензиясынан айырылған «Capital Bank Kazakhstan» АҚ салымшыларына ҚДКҚ кепілдік өтемінің жалпы сомасының 91%-ын төлеп қойған. Кепілдік өтемінің максималды сомаларына (37,5 млрд теңгеден астам) ие болған «Астана Банкі» АҚ салымшыларына осы соманың 99%-ы төленді. Төлемдер туралы толық ақпаратты ҚДКҚ сайтынан алуға болады: https://kdif.kz/likvidiruemye-banki/table/

 

№ 8 сұрақ: Осы 9 банктің салымшылары үшін кепілдік өтемінің максималды сомасы қандай?

 

Жауабы: Көрсетілген банктер бойынша сақтандыру жағдайы басталған күні заңда қолданылған кепілдік өтемінің максималды мөлшерлері өзгеріссіз қалады:

 

•      «Валют-Транзит Банк» АҚ – депозиттердің барлық түрлері бойынша 5 млн теңге;

 

•      «Қазинвестбанк» АҚ және «Delta Bank» АҚ – шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңге және теңгедегі депозиттер бойынша 10 млн теңге (өтемнің жиынтық сомасы 10 млн теңгені құрайды);

 

•      «Qazaq Banki» АҚ, «Астана Банкі» АҚ, «Эксимбанк Қазақстан» АҚ – шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңге және теңгедегі депозиттер бойынша 10 млн теңге (өтемнің жиынтық сомасы 15 млн теңгені құрайды). Бұл банктердің кепілдік өтемінің максималды сомасы 15 миллион теңгені құраған теңгедегі жинақ депозиттерін тартпағанын атап өтеміз;

 

•      «Tengri Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ және «Capital Bank Kazakhstan» АҚ – шетел валютасындағы депозиттер бойынша 5 млн теңге, теңгедегі депозиттер бойынша 10 млн теңге және теңгедегі жинақ депозиттері бойынша 15 млн теңге (өтемнің жиынтық сомасы 15 млн теңгені құрайды).