Қазақстанда мүлікті заңдастыру аяқталуда

13.12.2016

Құрметті клиенттер!

Банк ВТБ (Қазақстан) АҚ ЕҰ «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және ҚР тұруға ықтиярхаты бар адамдарға рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4 бабына сәйкес, 2016 жылдың 23 желтоқсанында ақша қаражатын заңдастыруға құжаттарды өткізу мерзімінің аяқталатынын еске салады.

Заңдастыру Қазақстанда 2014 жылғы 1 қыркүйектен басталған және 2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Мемлекеттің мүлікті заңдастыру бойынша біржолғы науқанды өткізудің негізгі мақсаты, бұрын заңды экономикалық айналыстан шығарылған ақшаны айналымға қайта енгізу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың кірістері мен мүлігін декларациялауға көшуіне алғышарттарды жасау болып табылады.

Заңдастыруға ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлестері, басқа тұлғаға ресімделген жылжымайтын мүлік, Қазақстан Республикасы аумағынан тыс орналасқан жылжымайтын мүлік жатады.

Банк ВТБ (Қазақстан) банкінде Сіз ақшаны ағымдағы шотқа есепке жатқызу арқылы және тұрғылықты жеріңіз бойынша мемлекеттік кіріс органдарына арнайы декларацияны тапсыру жолымен алымды төлеместен ақшаны заңдастыра аласыз. Банктегі ағымдағы шотқа есепке жатқызу жолымен заңдастырылған ақшаны, бұндай шотта сақтау қажеттілігінің болмауы шартымен, оның иесі өзінің қалауы бойынша пайдалануына болады.

Заңдастыру барысында алынған ақпаратты азаматтарға қарсы процестік әрекеттерді, оның ішінде қылмыстық қудалау немесе әкімшілік және тәртіптік жаза шараларын қолданып пайдалануға тыйым салатын қағида бар. Заңмен бірқатар қылмыстар мен құқық бұзушылықтар үшін заңдастыру субъектілері қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылады деп белгіленген.

Заңдастырылған ақша салық салу мақсаттары үшін табыс болып танылмайды және, сәйкесінше, оларға табыс салығы салынбайды.

2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатын осы науқан біткен кезде, бүкіл әлемдегі шетелдік шоттар мен жылжымайтын мүлік бойынша барлық ақпарат жіті тексерілетін болады.