Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Банк ВТБ ААҚ Президенті – Басқарма төрағасы Андрей Костинмен кездесу өткізді

11.06.2013 Сонымен қатар, кездесуге Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Б.Сұлтанов, «ENRC Kazakhstan» ЖШС акционері Ф.Шодиев және Банк ВТБ ААҚ Президенті – Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Юрий Соловьев қатысты.

Кездесу барысында Қазақстандағы еншілес банк қызметінің негізгі бағыттары, сондай-ақ, Банк ВТБ еліміздің экономикасын дамыту және әртараптандыру үдерісіне қатысуының жай-күйі талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев Банк ВТБ тек Ресейде ғана емес, сонымен бірге Еуропадағы ірі банктердің бірі болып табылатынын, Қазақстанның жеке меншік және корпоративтік секторын несиелендіруге белсене қатысатынын атап өтті.

- Индустриялық-инновациялық бағдарлама аясында жобаларды біздің елімізде іске асыратындар үшін айтарлықтай қолайлы жағдай жасалған. Қазақстан шағын және орта бизнестің дамуын, атап айтқанда, оны несиелендіру қарқынының өсуін барынша ынталандыруда. Жалпы, бүгінде банктік жүйе дәйекті түрде дамып келеді, банктердің жеке капиталының өсуі байқалады, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Бірыңғай экономикалық кеңістіктің қызметін ескере отырып, Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту жөнінде бірлескен жұмыстарды жандандыру қажеттігіне тоқталды.

Өз кезегінде Банк ВТБ ААҚ Президенті – Басқарма төрағасы Андрей Леонидович Костин кездесу үшін алғысын білдіріп, ВТБ тобы Қазақстандағы өз қызметін белсенді жүргізіп отырғанын атап өтті.
-
- Бізде ынтымақтастық аясын кеңейту жоспары бар. Біз Сіздің күш-жігеріңіздің арқасында экономика қарқынды дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Сонымен бірге трансшекаралық бизнестің мүмкіндігін арттыратын интеграциялық үдерістер жүруде. Біз үшін бүгінде әлемдік және еуропалық деңгейге шығатын Қазақстанның ірі компанияларымен жұмыс істеу қызықты. Сондықтан біздің мақсатымыз - осында бар мүмкіндіктерді зерделеу, - деді А.Костин.

Бұған қоса, кездесуде қаржы жүйесін жетілдіру жөнінде елімізде жүрігізіп жатқан жұмыстар бойынша өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі бар аспектілері аталып өтті.

Банк ВТБ Тобы Ресейде, Еуропа елдерінде, Азия, Таяу Шығыс, Африка және АҚШ-та кең ауқымды банктік қызмет көрсететін ресейлік жетекші қаржы тобы болып табылады. Еншілес банкі Қазақстан нарығында 2008 жылдың бас кезінен бері жұмыс істейді.

Өзге оқиғалар: www.akorda.kz